1346

Қазақстандық боксшылар Қытайда қарсыластарын мойындатып, бес алтын жеңіп алды

Қазақстан құрамасы әлемдік кубок кезеңін табыспен аяқтады.

Қазақстандық боксшылар Қытайда қарсыластарын мойындатып, бес алтын жеңіп алды
instagram.com/boxingkazakhstan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасы бокстан әлем кубогының Қытайдың Гуйян қаласында өткен екінші кезеңін жоғары нәтижемен аяқтады. Ұлттық құрама спортшылары турнир қорытындысы бойынша бес алтын және үш қола медаль иеленді. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитеті жазды.

Қазақстан қоржынына бесінші алтынды аса ауыр салмақта өнер көрсеткен Айбек Оралбай салды. Ол 90 келіден жоғары салмақтағы финалдық кездесуде Германия өкілі Никита Путиловпен жұдырықтасып, жеңіске жетті.

Айбек Оралбайдан бөлек, турнирдің чемпионы атанған қазақстандық боксшылар қатарында Санжар Тәшкенбай, Назым Қызайбай, Виктория Графеева және Абылайхан Жүсіпов бар.

Санжар Тәшкенбай 50 келіге дейінгі салмақта үздік шықса, Назым Қызайбай 54 келіге дейінгі дәрежеде алтын алды. Виктория Графеева 60 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілсе, Абылайхан Жүсіпов 70 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы үш қола медальға да қол жеткізді. Жүлдегерлер қатарында Аида Әбикеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) бар.

Осылайша қазақстандық боксшылар Қытайдағы әлем кубогының екінші кезеңін сегіз жүлдемен аяқтап, халықаралық аренадағы мықты құрамалардың бірі екенін тағы көрсетті.

Материал авторы