1458

Ақмола облысында ірі жол апатынан бес адам қаза тапты

Үш көлік қатысқан апат үлкен қайғымен аяқталды.

Ақмола облысында ірі жол апатынан бес адам қаза тапты
Instagram.com/716.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында үш көлік қатысқан ауыр жол апаты болып, бес адам қаза тапты. Тағы бес адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы оқиға 21 маусым күні сағат 14:56 шамасында Целиноград ауданындағы Астана – Қорғалжын тасжолында, Оразақ пен Өтеміс ауылдарының арасында болған.

Полиция мәліметінше, жол апатына Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser көліктері қатысқан. Соқтығыс салдарынан Toyota маркалы екі автокөлік өртеніп кеткен.

Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндірушілер, медицина қызметкерлері және полиция өкілдері барған.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, апаттан бес адам қаза тапқан. Тағы бес адам түрлі дене жарақатымен медициналық мекемелерге жеткізілген.

Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Материал авторы