1172

«Жерге жатқызып, кісен салған»: Атыраулық әйел полицейлерді ұлын күшпен ұстады деп айыптады

Кәмелетке толмаған ұлымды қауіпті қылмыскердей ұстады дейді анасы.

«Жерге жатқызып, кісен салған»: Атыраулық әйел полицейлерді ұлын күшпен ұстады деп айыптады
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау тұрғыны полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған ұлын шамадан тыс күш қолданып ұстады деп шағымданды. Әйел Ішкі істер министрлігі мен Ішкі қауіпсіздік департаментінен оқиғаға байланысты қызметтік тексеріс жүргізуді талап етті. Бұл туралы АқЖайық жазды.

Айнагүл Нарыбаеваның айтуынша, жағдай 14 маусым күні кешкі уақытта Балықшы ықшамауданындағы «Эльдорадо» компьютер клубында болған.

Әйелдің сөзінше, оның ұлы клуб ішінде болған кезде полиция қызметкерлері телефонын алып, сыртқа шығарып, күш қолданған.

«Бұған дейін балам мұндай жағдайға ешқашан тап болмаған. Қорыққаннан қашуға тырысқан», – делінген ананың шағымында.

Алайда оқиғадан кейін жасөспірім полиция қызметкеріне шабуыл жасады деген ақпарат тараған. Анасы бұл нұсқамен келіспейді.

Оның айтуынша, мән-жай толық анықталмай жатып, баласын жерге жатқызып, қолына кісен салған.

«Кәмелетке толмаған ұлымды қауіпті қылмыскер секілді ұстаған. Бұл оның психологиялық жағдайына және ар-намысына ауыр әсер етті», – деп жазды Айнагүл Нарыбаева.

Әйел ұсталғаннан кейін баласының денесінде жарақаттар болғанын, бұл медициналық құжаттармен расталатынын айтты.

Ол полиция қызметкерлерінің әрекетін тексеруді, оқиға кезінде түсірілген бейнетіркегіш жазбаларын зерттеуді, күш қолданудың заңдылығын анықтауды және барлық қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрады.

Атырау облысы полиция департаменті әзірге мәлімдеме жасамады. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор