1666

Әл-Фарабидегі апат: Қаза болған қыздың әкесі 100 млн теңге өтемақы талап етті

Қызының өлімінен кейін өмірі өзгергенін айтқан әке моральдық шығын үшін ірі өтемақы сұрады.

Әл-Фарабидегі апат: Қаза болған қыздың әкесі 100 млн теңге өтемақы талап етті
Tengrinews.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол апатына қатысты сотта қаза тапқан жолаушының әкесі моральдық шығын ретінде 100 млн теңге өндіруді сұрады.

Сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты қаза болған қыздың әкесі берген азаматтық талап арызды жариялады. Ер адам жалғыз қызының өлімі оған орны толмас қайғы әкелгенін айтып, айыпталушыдан 100 млн теңге көлемінде өтемақы талап еткен.

Әкесінің сөзінше, адам өмірі – ең жоғары құндылық. Ал біреудің заңсыз әрекетінен жақынынан айырылу отбасы үшін ауыр психологиялық зардапқа соғады.

«Жалғыз қызымның қазасы мен үшін ең үлкен трагедия әрі орны толмас жоғалту болды. Оның өлімінен кейін өмірім «дейін» және «кейін» болып екіге бөлінді. Баламнан айырылған қайғы күн сайын жанымда», – делінген талап арызда.

Марқұмның әкесі материалдық игіліктің ешқайсысы қызын қайтара алмайтынын және басынан өткен ауыр жағдайдың орнын толтыра алмайтынын атап өткен.

Ол талап сомасын белгілеу кезінде марқұмның жасы небәрі 20-да болғанын, жалғыз баласынан айырылған әкенің жан азабын, келтірілген зиянның қайтарылмайтынын және әділдік қағидаларын ескеруді сұраған.

«Бұрын адам өлімі үшін 100 түйе берілген», – деп жазған ол арызында.

Еске салайық, 21 наурыз түні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында ауыр жол апаты болған еді. Полиция мәліметінше, Zeekr көлігі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты.

Соттағы алдын ала тыңдауда Zeekr жүргізушісі қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, болған жағдай үшін өзін кешіре алмайтынын мәлімдеген.

Бұған дейін бірнеше жәбірленуші тарап соттан айыпталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған. Алайда кейін қайтыс болған жолаушының әкесі іске жаңа жәбірленуші ретінде қосылып, моральдық өтемақы талап етті.

Қазір сот процесі жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор