1371

Астанада автобус локомотивпен соқтығысып қалды

Полиция апаттың себебін жүргізушінің локомотивке жол бермеуімен байланыстырды.

Астанада автобус локомотивпен соқтығысып қалды
@astanovka98

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада теміржол өткелінде маршруттық автобус локомотивпен соқтығысып, кейін жеңіл көлікке барып соғылған. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Оқиға 20 маусымда елордадағы Тайбурыл көшесіндегі теміржол өткелінде болған. Жол апаты Лесозавод ауданы, «Вагон зауыты» аялдамасының маңында тіркелген. 

Оқиға орнынан түсірілген видеода автобус пен теміржол құрамы соқтығысқан сәт көрінеді. Әлеуметтік желідегі мәліметке қарағанда, апаттан кейін автобус соққы әсерінен басқа көлікке барып тірелген.

Астана қаласының полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, «Iveco» маркалы маршруттық автобус жүргізушісі теміржол өткелі арқылы өту кезінде келе жатқан локомотивке жол бермеген.

«Соқтығысудан кейін автобус инерция әсерімен Hyundai көлігіне барып соғылған», – деді полиция өкілдері.

Оқиға ауыр болғанына қарамастан, адамдар арасында зардап шеккендер болмаған.

Полиция жол-көлік оқиғасына байланысты автобус жүргізушісінің әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор