1612

Германия Айгүл Сайлыбаеваның өлімі бойынша істі Ресейге бермейтін болды

Қазақстан тарапы күдіктілерге қатысты істі Ресейге беру мәселесін көтергенімен, шешім Германияда қалды.

Германия Айгүл Сайлыбаеваның өлімі бойынша істі Ресейге бермейтін болды
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияда қаза тапқан қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс Ресейге тапсырылмайды. Тергеу жұмыстарын Германияның құқық қорғау органдары өз заңнамасына сәйкес жалғастырады.

Қазақстан Бас прокуратурасының Халықаралық құқықтық ынтымақтастық қызметінің басшысы Айбек Нұрахметовтің айтуынша, Германия билігі жүргізіп жатқан тергеу процесіне Қазақстан тарапы араласа алмайды.

Оның сөзінше, бұл іс бойынша Германия немесе Ресей құқық қорғау органдарынан ресми өтініш түспеген. Дегенмен Қазақстанның Германиядағы елшілігі арқылы істі Ресейге беру мәселесі көтерілген.

Бұған себеп – күдіктілердің Ресей азаматтары болуы және оларды басқа елге экстрадициялау мүмкіндігінің шектеулі екені.

«Қылмыстық жауапкершілікке тарту және кейінгі процессуалдық шешімдерді қабылдау мәселелері тәуелсіз Германия сот жүйесінің айрықша құзыретіне жатады», – деді Айбек Нұрахметов.

Айгүл Сайлыбаева 2024 жылдың маусымында Германияның Бенсхайм қаласында жоғалып кеткен. Ол бұл қалада күйеуі, қызы және енесімен бірге тұрған.

4 маусым күні таңертең ол қызын балабақшаға апарғаннан кейін із-түссіз жоғалған. Бірнеше күннен кейін, 16 маусымда оның денесі қала маңындағы Эрлаче карьерінен табылды.

Тергеу мәліметтері бойынша, әйелдің мәйіті жасырылған күйде болған. Оқиғадан кейін Германия полициясы қылмыстық істі қолға алып, тергеуге ондаған маман жұмылдырылған.

2025 жылы маусымда Германия тарапы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне күдікті ретінде оның енесі Наталья Донцоваға ордер шығарған. Сот оны сырттай қамауға алу туралы шешім қабылдаған. Бұл ордер Германия аумағында және Еуропалық Одақ елдерінде күшінде.

Кейін марқұмның туыстары күдік күйеуі Александр Донцов пен оның анасына қатысты екенін айтқан. Алайда Ресей тарапы күдіктілерді Қазақстанға бермейтінін хабарлаған.

Жақында Александр Донцов әйелінің өліміне кінәсі жоқ екенін мәлімдеген.

Материал авторы