779

Қазақстанды тұрақсыз ауа райы күтіп тұр

Синоптиктер бірнеше облыста найзағай, дауыл және қатты ыстық қатар болатынын ескертті.

Қазақстанды тұрақсыз ауа райы күтіп тұр
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірнеше облысында қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктер 23 маусымда бірқатар аймақта қатты ыстық, найзағай, дауыл, шаңды дауыл және екпінді жел болатынын ескертті.

Мамандардың болжамынша, елдің оңтүстігі мен батысында ауа температурасы 40 градустан жоғары көтеріледі. Сонымен қатар кей өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.

Түркістан облысында күндіз ауа температурасы 40-41 градусқа дейін жетеді. Облыстың батысы, солтүстігі, таулы және тау бөктерлі аймақтарында өткінші жаңбыр, найзағай, дауыл күтіледі. Желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Шымкент пен Түркістан қалаларында да екпінді жел мен ыстық ауа райы болжанып отыр.

Қарағанды облысында күндіз 35-36 градус ыстық болады. Батыс бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Кей жерлерде шаңды дауыл болуы ықтимал. Қарағанды қаласында күн соңына қарай жел күшейіп, шаңды дауыл соғуы мүмкін.

Ұлытау облысында да ауа райы тұрақсыз болады. Кей аудандарда қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Батыс өңірлерде де қолайсыз жағдай қалыптасады. Батыс Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтілсе, Маңғыстау облысында шаңды дауыл болуы мүмкін. Атырау облысында кей аудандарда найзағай ойнап, жел күшейеді.

Қызылорда облысында түнгі және күндізгі уақытта жаңбыр, найзағай, дауыл және шаңды дауыл болжанып отыр. Жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

Солтүстік және шығыс аймақтарда да ауа райы күрделенеді. Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында найзағай, бұршақ, дауыл және қатты жел күтіледі. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 25-28 метрге дейін жетуі мүмкін.

Астана қаласында 23 маусымда шаңды дауыл күтіледі. Жел жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейіп, ауа температурасы 35-37 градус болады.

Ал Алматы қаласы мен Алматы облысында күн ыстығы сақталады. Күндіз ауа температурасы 35-41 градус аралығында болады. Өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.

Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

Материал авторы