3134

Шымкентте сегіз баланың анасы балаларының көзінше өрттен қаза тапты

Балалар анасынан да, баспанасынан да айырылды.

Шымкентте сегіз баланың анасы балаларының көзінше өрттен қаза тапты
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласының шетіндегі Қайнарбұлақ шағынауданында болған өрт салдарынан сегіз баланың анасы көз жұмды. 39 жастағы Марал есімді әйелді күйеуі мен үлкен ұлы құтқаруға тырысқанымен, алған жарақаты өмірімен үйлеспеген. Бұл туралы 7 арна жеткізді.

Қайғылы оқиға отбасы үйінің ауласында болған. Бейнебақылау камерасына түскен кадрларда өрттің қалай басталғаны көрінген. Куәгерлердің айтуынша, отбасы көрпе мен матрас тігумен айналысқан. Алдымен мақта тұтанып, артынша жалын тез тарап, үйді толық шарпыған.

Марқұмның күйеуі Айдос Боранбаев өрт кезінде әйелін алып шығуға әрекет жасағанын айтты. Оның сөзінше, жалынның арасынан өтуге тырысқанымен, жұбайын құтқару мүмкін болмаған.

«Біз көрпе тігумен айналысамыз. Өрт шыққан кезде қолдан келгенше сөндіруге тырыстым. Бірақ әйелімді құтқара алмадым. Ол денесінің 80 пайызын күйік шалды. Балалардың жетеуі сыртқа шығып үлгерді», – деді ол.

Өрт кезінде 17 жастағы үлкен ұлы да анасына көмектесуге жүгірген. Жасөспірім әйелді үйден алып шыққанымен, өзі де жарақат алған. Марқұмның күйеуінің де аяғы күйіп қалған.

Отбасында бес ұл және үш қыз тәрбиеленіп отырған. Қазір балалар уақытша туыстарының үйіне орналастырылған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өртке байланысты қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызмет көрсету салдарынан адам өліміне әкелген іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, қазір тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Өрттен кейін отбасы баспанасынан айырылып, табыс көзін де жоғалтқан. Олар жергілікті биліктен көмек күтуде.

Материал авторы