SpaceX ғарыш тарихындағы рекордты жаңартып, спутник саны бойынша көш бастады

Илон Масктың SpaceX компаниясы адамзаттың барлық ғарыш күшін басып озды.

SpaceX ғарыш тарихындағы рекордты жаңартып, спутник саны бойынша көш бастады
spacex.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, SpaceX компаниясы ғарышқа шығарған спутниктерінің саны бойынша адамзаттың 1957 жылдан бері жасаған барлық өзге ұшыруларын басып озды. Компанияның орбитадағы аппараттар саны бүкіл әлем елдері мен ұйымдарының жиынтық көрсеткішінен асып түсті.

SpaceX компаниясының ғарыштық бизнесінің ауқымын оның Starlink жобасының қаржылық көрсеткіштері де көрсетеді. Қазіргі таңда спутниктік байланыс қызметін ұсынатын Starlink SpaceX кірісінің шамамен 69,4 пайызын қамтамасыз етеді.

12 маусымдағы мәлімет бойынша, SpaceX орбитаға 15 262 спутник шығарған. Бұл көрсеткіш 1957 жылдан бері ғарышты игеруге қатысқан барлық басқа мемлекеттер, ұйымдар мен компаниялардың бірге алғандағы нәтижесінен де жоғары.

Салыстыру үшін, қалған барлық қатысушылардың жалпы ұшырған спутниктер саны 15 138 аппаратты құрайды.

SpaceX компаниясын Илон Маск 2002 жылы құрған. Алайда компания бірден үлкен жетістікке жеткен жоқ. Алғашқы Falcon 1 зымыранының үш сынақ ұшырылымы сәтсіз аяқталып, тек 2008 жылы ғана тұрақты нәтижеге қол жеткізді. Масктың айтуынша, төртінші ұшырылым да сәтсіз болған жағдайда, компанияның болашағына үлкен қауіп төнуі мүмкін еді.

2010 жылы SpaceX Falcon 9 зымыранын таныстырды. Бұл зымыран бүгінде компанияның негізгі жұмыс құралына айналды. Мәселен, өткен жылы Falcon 9 165 рет ұшырылымға қатысқан.

SpaceX ұшырылымдарының басым бөлігі Starlink желісін дамытуға бағытталған. 18 маусымдағы жағдай бойынша төмен орбитаға Starlink-тің 12 318 спутнигі шығарылған. Компания болашақта бұл топтаманы 40 мың аппаратқа дейін жеткізуді немесе одан да арттыруды жоспарлап отыр.

Илон Маск SpaceX жобаларын тек спутниктермен шектемейді. Ол жасанды интеллект инфрақұрылымына арналған деректер орталықтарын ғарышқа орналастыру идеясын да қарастырып отыр. Оның айтуынша, мұндай жобаларды жүзеге асыруға қажет негізгі технологиялар компанияда бар.

SpaceX-тің алдағы жоспарларындағы маңызды элемент – Starship аса ауыр зымыраны. Қайта пайдаланылатын нұсқасы орбитаға 150 тоннаға дейін жүк шығара алады, ал бір реттік ұшу кезінде бұл көрсеткіш 250-300 тоннаға жетуі мүмкін. Сонымен қатар Starship орбитадан Жерге 50 тоннаға дейін жүк қайтара алады.

Қазір Starship сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Болашақта оны тек спутник ұшыру үшін емес, Ай мен Марстағы болашақ колонияларды құру жобаларында пайдалану жоспарланған.

Егер жоспарлар сәтті жүзеге асса, SpaceX-тің ғарышқа спутник шығару қарқыны бойынша көшбасшылығын басқа компаниялардың басып озуы қиын болады. 

Материал авторы