Көкшетауда жалғызбасты ананы басып кеткен әйелге сот үкімі шықты
Көлікті құжатсыз жүргізген әйел өз кінәсін мойындады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда автотұрақта болған өліммен аяқталған жол апатына қатысты іс бойынша сот үкімі жарияланды. Оқиға салдарынан бір әйел қаза тапқан. Бұл туралы Tengrinews.kz басылымы хабарлады.
Қайғылы жағдай 9 мамыр күні автотұрақ аумағында болған. Бейнебақылау камерасына түскен кадрларда көлік тұраққа кіре берісте жолмен жүріп келе жатқан әйелді қағып, кейін оның үстінен өткен сәті көрінеді.
Көкшетау қалалық соты айыпталушы С.-ға қатысты істі қарап, оны жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкелгені үшін кінәлі деп таныды (ҚК 345-бап 3-бөлігі).
Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың мамыр айында С. есімді азаматша көлік құралын жүргізу құқығынсыз бола тұра рөлге отырған. Ол аулаға бұрылар кезде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Алған жарақатынан әйел ауруханада көз жұмған.
Сотта айыпталушы көлікті жүргізу құжаты болмағанына қарамастан, күйеуінің денсаулығы нашарлауына байланысты және оның рұқсатымен рөлге отырғанын айтқан. Сонымен қатар, көлік иесінің жүргізуші куәлігі жоқ адамға рөл бергені бойынша іс бөлек өндіріске шығарылған.
Сот мәліметінше, айыпталушының кінәсі оның өз мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамасымен, жол-көлік оқиғасының сызбасымен, сараптама қорытындыларымен және бейнежазбамен толық дәлелденген.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Олардың қатарында айыпталушының кінәсін толық мойындауы, өкініш білдіруі, асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы, жәбірленуші тарапқа моральдық зиянды ерікті түрде өтеуі және бұрын сотты болмауы аталды.
Материал авторы