1639

Перизат Қайраттан тәркіленген Mercedes көлігі саудаға қойылды

Перизат Қайрат ісі бойынша тәркіленген мүліктерді өткізу жалғасып жатыр.

Перизат Қайраттан тәркіленген Mercedes көлігі саудаға қойылды
sauda.e-qazyna.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Перизат Қайратқа тиесілі болған төртінші көлік электронды сауда алаңына қойылды. Бұл жолы Mercedes-Benz EQE 500 4Matic автокөлігі сатылымға шығарылған.

Электронды сауда порталында 2023 жылы шығарылған, мемлекеттік нөмірі 111 KPK 01 болатын Mercedes-Benz EQE 500 4Matic көлігі жаңа лот ретінде тіркелген.

Еске салсақ, 2024 жылдың желтоқсанында Перизат Қайрат ұсталғаннан кейін Қаржылық мониторинг агенттігі оның қымбат жылжымайтын мүлкі, автокөліктері мен зергерлік бұйымдары тәркіленгенін хабарлаған еді. Ведомство жариялаған кадрларда арнайы мемлекеттік нөмірлері бар бірнеше көлік көрсетілген болатын. Солардың қатарында аталған Mercedes те болған.

Сауда сипаттамасына сәйкес, көліктің кузовында бірқатар зақым бар. Атап айтқанда, сол жақ есігі, артқы көрініс айнасы, жүргізуші есігінің әйнегі, қанаты, бампері, табалдырығы және фарасы бүлінген.

Сонымен қатар көліктің техникалық жағдайын толық тексеру мүмкін еместігі көрсетілген.

Сурет: t.me/afm_rk

Сауда шартында бұл мүлік кейбір мемлекеттік ұйымдарға балансқа беру үшін ұсынылмайтыны жазылған. Лотқа тек құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар және президент, мемлекеттік саяси қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар өтінім бере алады.

Автокөліктің бағалау құны 26,269 миллион теңге деп белгіленген. Сауда 9 шілдеде басталады.

Еске сала кетейік, «BIZ BIRGEMIZ» қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысты сот процесі 2025 жылдың 9 шілдесінде басталған. Оған су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған шамамен 2 миллиард теңгені мақсатсыз жұмсады деген айып тағылған.

Перизат Қайрат бұл айыптарды жоққа шығарған. Сот барысында прокурорлар тергеу материалдарын ұсынып, қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы мәліметтер келтірген.

Сот процесі 2025 жылдың 25 шілдесінде аяқталып, Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның анасы да кінәлі деп танылып, 7 жылға сотталған. Сонымен қатар олардың мүлкі тәркіленген.

Материал авторы