3398

Жанабыловтардан тәркіленген 17 дана iPhone 16 аукционға шығарылды

Істі болған ерлі-зайыптының смартфондары сатылымға шықты.

Жанабыловтардан тәркіленген 17 дана iPhone 16 аукционға шығарылды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша заттай дәлел болған смартфондар электронды аукционға қойылды. Барлығы 17 дана iPhone 16 құрылғысы сатылымға шығарылған.

Тәркіленген смартфондар мемлекеттік мүлік порталы E-Qazyna арқылы саудаға ұсынылған. Мүлікті сатушы – Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті.

Электронды сауда алаңындағы мәліметке сәйкес, бір лоттың бастапқы бағасы 484 990 теңге болып белгіленген. Аукционға қатысу үшін 72 749 теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет.

Сауда 2026 жылдың 8 шілдесінде сағат 10:00-де өтеді. Аукцион электронды форматта бағаны көтеру тәсілімен ұйымдастырылады.

Бұл блогерлерден тәркіленген мүліктің алғашқы партиясы емес. Бұған дейін олардың атына тіркелген сегіз Hyundai Elantra көлігі де саудаға шығарылған. Аталған көліктер Эльмира Төлегенова құрылтайшысы болған «ZHANA BUSINESS» ЖШС-не тиесілі болған.

Еске салсақ, 2026 жылдың 27 сәуірінде Астана қаласының қылмыстық соты блогерлер жұбына қатысты үкім шығарған. Сот шешімімен Ерболат Жанабыловқа екі жыл мерзімге шартты жаза тағайындалып, мүлкін тәркілеу белгіленген. Оған қатысты бұлтартпау шарасы үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстырылған. Ал Эльмира Төлегеноваға екі жылға ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу белгіленген. Алайда сот бұл жазаны орындауды екі жылға кейінге қалдырған.

Материал авторы