Үштөбеде қыздың үстіне ағаш бұтағы құлап кетті (ВИДЕО)
Оқиға әлеуметтік желіде тарағаннан кейін прокуратура тексеріс бастады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысының Үштөбе қаласында тұрғын үй ауласында құрғақ ағаш бұтағы құлап, бір қыз жарақат алды. Оқиғаға байланысты Қаратал ауданының прокуратурасы тексеру жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жағдай Үштөбедегі №9 шағын аудан аумағында, Қонаев даңғылындағы көпқабатты үйдің ауласында болған. Күтпеген жерден ағаштың құрғақ бұтағы құлап, жас қызды жарақаттаған. Оған медициналық көмек көрсетілген.
Оқиға куәгерлері жауапты қызметтерді аумақтағы жасыл желектердің жағдайына назар аударуға шақырды. Тұрғындардың айтуынша, апатты ағаштар мен қураған бұтақтарды алдын ала анықтап, уақытылы алып тастау мұндай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Әлеуметтік желідегі бейнежазба тарағаннан кейін Үштөбе қаласының әкімдігі оқиға көпқабатты үйдің ауласында болғанын растады.
Әкімдік мәліметінше, бұған дейін тұрғындардан немесе үйді басқару ұйымдарынан — пәтер иелері кооперативі немесе үй иелері бірлестігінен — ағаштарды бұтау немесе кесу туралы ресми өтініш түспеген.
Қазақстанның тұрғын үй заңнамасына сәйкес, аула аумағын күтіп ұстау, оның ішінде құрғақ және қауіпті бұтақтарды кесу міндеті пәтер иелері кооперативі немесе үй иелері бірлестігіне жүктеледі.
Сонымен бірге қала әкімдігі пәтер иелері кооперативі өкілдерімен бірлесіп оқиға болған жерге барып, ағаштарды тексеретінін мәлімдеді. Зерттеу нәтижесіне қарай санитарлық кесу жұмыстары жүргізіледі.
Қаратал ауданының прокуратурасы бұл жағдай бақылауға алынғанын хабарлады.
«Осы дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады», — деді ведомство өкілдері.
Материал авторы