789

Ербаян Мұхтар қайтыс болды

Екі жарым жыл бұрын әскери бөлімде ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар қайтыс болғаны белгілі болды.

Ербаян Мұхтар қайтыс болды
әлеуметтік желіден

Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ауыр ми жарақатын алып, екі жарым жыл бойы өмірі үшін күрескен мерзімді әскери қызметші Ербаян Мұхтар қайтыс болды.

Марқұмның отбасының мүддесін қорғаған адвокат Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында Ербаянның жүрегі тоқтағанын хабарлады.

«Бұл қоштасу ғана емес. Ербаян өмір үшін күресе жүріп, мыңдаған сарбаздың тағдырына әсер етті. Оның оқиғасынан кейін әскердегі түйткілдер ашық айтыла бастады. Бұған дейін үнсіз келген ата-аналар пікір білдірді, қоғам талап қоя бастады, ал мемлекеттік органдар жауап беруге мәжбүр болды. Кейде бір адамның тағдыры тұтас жүйені өзгертуге түрткі болады. Ербаян сондай азаматтардың бірі болды. Сондықтан оны ауыр тағдырдың иесі ретінде ғана емес, әскердегі қауіпсіздік үшін күрестің символы ретінде есте сақтаймыз», деді адвокат.

Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында кома күйінде ауруханаға жеткізілген болатын. Ол қызмет еткен Ұлттық ұланның әскери бөлімінде сарбаздың дәретханада құлап, басын кафельге соққаны айтылған.

Алайда оның ата-анасы бұл нұсқамен келіспей, Ербаянның жарақатты соққыға жығылудың салдарынан алғанын дәлелдеуге тырысты. Осы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, әскердегі қауіпсіздік мәселесі мен сарбаздардың құқықтарын қорғау тақырыбын қайта күн тәртібіне шығарды.

Материал авторы