1647

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады

Дәрігерлер мида қайтымсыз өзгерістер болғанын мәлімдеді.

Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың өліміне қатысты ресми мәлімдеме жасады
әлеуметтік желіден

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен бірлесіп, бұрынғы Ұлттық ұлан әскери қызметшісі Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәлімдемесінде айтылды.

Ведомствоның мәліметінше, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін үздіксіз күрес жүргізген. Алайда ауыр бас-ми жарақаты салдарынан мида қайтымсыз өзгерістер орын алып, оны аман алып қалу мүмкін болмаған.

Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызмет кезінде алған ауыр жарақаттың салдарынан аса ауыр жағдайда болған. Ұзақ уақыт бойы ол тұрақты вегетативтік күйде жатып, жасанды тыныс алдыруды қоса алғанда қарқынды терапия алған.

Министрлік мәліметінше, емдеу барысында оның өмірлік маңызды көрсеткіштері біртіндеп нашарлаған. Дәрігерлер қандағы оттегі деңгейінің төмендеуін, жүрек ырғағының бұзылуын және гемодинамикалық тұрақсыздықты тіркеген.

Ресми ақпаратқа сәйкес, медициналық мамандар реанимациялық және емдік шаралардың толық кешенін қолданған. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен шешімімен Ербаян Түркияға емделуге жіберіліп, онда қойылған бастапқы диагноз расталған.

2026 жылдың маусым айында негізгі сырқат аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыған.

2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та оның биологиялық өлімі тіркелді. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, өлімге ауыр бас-ми жарақатының салдары және соның аясында өршіген көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы себеп болған.

Министрлік Ербаянның заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген палатада ем қабылдағанын, оған барлық қажетті дәрі-дәрмек пен ерекше күтім көрсетілгенін атап өтті. Сондай-ақ туыстарына жан сақтау бөліміне кіруге мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.

Материал авторы