1661

Кегенде полицейдің өртенген мәйіті табылды: жұбайы мен ұлы ұсталды

Тергеу барысында марқұмның жұбайы мен ұлы күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кегенде полицейдің өртенген мәйіті табылды: жұбайы мен ұлы ұсталды
Polisia.kz

Алматы облысының Кеген ауданында денесі қатты күйген ер адамның мәйіті табылып, оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Кейін марқұмның Алматы қаласы полициясында қызмет еткен 37 жастағы тәртіп сақшысы екені анықталды. 

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, қаза тапқан азамат Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасында жұмыс істеген. Тергеу барысында оның өліміне қатысы болуы мүмкін деген күдікпен бірнеше адам ұсталған.

Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 23 маусым күні таулы аумақтан адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, марқұмның жеке басын анықтаған. Оның полиция қызметкері болғаны расталды.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ретінде марқұмның жұбайы мен ұлы, сондай-ақ басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін Kozachkov offside Telegram арнасы күдіктілер қатарында ерлі-зайыптылардың 14 жастағы ұлы мен оның кәмелетке толмаған досы да бар екенін хабарлаған. Сондай-ақ жарияланған мәліметте әйелдің бұрын Алматы қаласындағы Бостандық аудандық полиция басқармасында қызмет атқарғаны айтылған.

Ақпаратқа сәйкес, отбасы 15 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, жеті бала тәрбиелеген және көпшілік арасында үлгілі жанұя ретінде танылған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Материал авторы