944

СҚО-да ұлы қарт әкесін ұрып, бәрін видеоға түсірген

Зейнеткер ұлына қатысты арыз жазудан бас тартқанымен, құқық қорғау органдары істі тоқтатқан жоқ.

СҚО-да ұлы қарт әкесін ұрып, бәрін видеоға түсірген
бейнежазбадан

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында түсірілген жан түршігерлік видео әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланды. Кадрларда жас жігіттің егде жастағы әкесін балағаттап, күш қолданғаны көрінеді. Бұл туралы Qazaqstan Media жазды.

Видео жарияланғаннан кейін құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастап, көп ұзамай оқиғаға қатысы бар адамның жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің 22 жастағы ұлы болып шыққан.

Белгілі болғандай, зейнеткер сот-медициналық сараптамадан өтуден және ұлының үстінен арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан, полиция бұл жағдайды назардан тыс қалдырмай, оқиғаға құқықтық баға беріп, жиналған материалдарды сотқа жолдаған.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің ақпараттық саясат басқармасының басшысы Сән Жұмағазинаның мәліметінше, сот ауыл тұрғынын кінәлі деп танып, оған бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындаған.

Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері жәбірленуші шағым түсірмесе де тексерілетінін атап өтті. Ведомство мұндай жағдайларда заң аясында тиісті шаралар міндетті түрде қабылданатынын мәлімдеді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор