Алматыда жалған дәрі өндірген фармкомпаниялар әшкереленді
Цехта жасалған дәрілер мыңдаған адамның өміріне қауіп төндірген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жалған дәрі-дәрмек өндіру және тарату ісімен айналысқан ірі қылмыстық схема тоқтатылды. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында төрт фармацевтикалық компанияның заңсыз әрекетін анықтады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Тергеу мәліметінше, аталған компаниялар көрші мемлекеттерден дәрі-дәрмектерді, оның ішінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз жолмен әкеліп, кейін оларды ел аумағындағы дәріхана желілері арқылы сатқан.
Құқық қорғау органдарының анықтауынша, күдіктілер тек контрабандалық жолмен әкелінген өнімдерді сатумен шектелмей, дәрілерді қолдан жасалған жағдайда өздері де өндірген. Олардың арасында психотроптық заттар бар препараттар да болған.
Арнайы операция барысында бірнеше қойма мен заңсыз өндіріс орны анықталды. Тәркіленген өнімдер санитариялық талаптар сақталмайтын жағдайда жасалғаны белгілі болды. Мамандар мұндай дәрілердің адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті. Себебі сапасыз әрі бақылаусыз өндірілген препараттарды қолдану ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Тінту кезінде заңсыз айналымнан ірі көлемдегі ақша, ондаған мың қаптама жалған дәрі, айналымы шектелген препараттар, сондай-ақ оларды өндіруге арналған құрал-жабдықтар мен шикізат тәркіленді.
Тергеу барысында қылмыстық топтың әрекетіне көмектескен мемлекеттік орган қызметкерлері де анықталды. Олар заңсыз схеманы қаржылай сыйақы үшін қорғап отырған деген күдікке ілінді.
Оларға қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы — «Пара алу» бойынша тіркелді.
Сонымен қатар қаржылық талдау нәтижесінде көлеңкелі айналым арқылы жасалған заңсыз операциялар анықталған. Алдын ала есеп бойынша, өткен жылы мемлекетке 800 миллион теңгеден астам салық және міндетті төлемдер түспеген.
Қылмыстық схемаға қатысы бар ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жалғасып, заңсыз әрекетке қатысқан барлық тұлғалар, сондай-ақ дәрі-дәрмекті шетелден жеткізу арналары анықталып жатыр.
Материал авторы