ҚМДБ балалы болғысы келмейтіндердің әрекетін харам деп үкім шығарды
Діни басқарма жүктілікті уақытша кейінге қалдыру мен ұрпақтан толық бас тартудың айырмасын түсіндірді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балалы болуды әдейі қаламау ұстанымына қатысты түсіндірме берді. ҚМДБ мәліметінше, «чайлдфри» деп аталатын саналы түрде балалы болудан бас тарту идеологиясы ислам қағидаларына, адам табиғатына және отбасы құндылықтарына сәйкес келмейді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми мәліметіне сүйенген материалдар жазды.
Чайлдфри (ағылшын тілінен аударғанда «баласыз өмір») — адамның белгілі бір себептермен бала сүймеуді таңдауы. Бұл ұстанымды қолдайтындар балаларды жек көрмейтінін, алайда жеке еркіндік, кәсіби даму, қаржылық жағдай немесе жауапкершіліктен бас тарту секілді себептерді алға тартатынын айтады.
Алайда ҚМДБ бұл көзқарасты ислам тұрғысынан құпталмайтын ұстаным деп түсіндірді.
ҚМДБ адам табиғаты мен отбасы құндылығын алға тартты
Діни басқарма мәліметінше, үйлену, отбасы құру және ұрпақ жалғастыру адам болмысына тән табиғи құбылыс. Құранда адамға әйелдерге, балаларға және дүниелік игіліктерге деген сүйіспеншілік көркем етілгені баяндалады.
Сондай-ақ ҚМДБ неке қиюдың негізгі мақсаттарының бірі — ұрпақтың жалғасуы екенін атап өтті. Бұл түсінік Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетімен де байланыстырылған. Діни басқарма келтірген хадисте Пайғамбардың көп балалы, сүйікті әйелге үйленуге үндегені айтылады.
Жүктілікті кейінге қалдыруға рұқсат етілетін жағдайлар бар
ҚМДБ түсіндірмесінде ерлі-зайыптылардың бала мәселесі ортақ шешім арқылы қабылдануы керектігі айтылған.
Егер отбасы бала тәрбиесіне дайындалу, денсаулық жағдайын түзету секілді себептерге байланысты жүктілікті уақытша кейінге қалдырғысы келсе, оған белгілі бір шарттармен рұқсат етілуі мүмкін.
Алайда тек жауапкершіліктен қашу, материалдық қиындықтардан қорқу немесе жеке өмір салтын сақтау мақсатында бала сүюден әдейі бас тарту шариғат тұрғысынан қолдау таппайды. Сонымен бірге ұрпақ жалғастыру мүмкіндігін біржола тоқтататын тәсілдерге де тыйым салынатыны айтылды.
ҚМДБ отбасы институтының әлсіреуіне алаңдайды
Діни басқарма өкілдері чайлдфри идеологиясы отбасы құндылықтарына әсер етіп, қоғамның демографиялық дамуына кері ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.
Қорытындысында ҚМДБ балалы болудан саналы түрде толық бас тартуды ислам қағидаларына және отбасы құру мақсатына қайшы деп бағалады.
Материал авторы