1358

LRT маңынан тапқан патрон студентке бір жылдан кейін әуежайда мәселе болды

Рюкзагында ұмыт қалған бір патрон үшін сотталған студент ақыры ақталды.

LRT маңынан тапқан патрон студентке бір жылдан кейін әуежайда мәселе болды
Көлік полициясы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада LRT құрылысы маңынан тауып алған бір патронды рюкзагында ұмытып кеткен студентке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Кассациялық сот оның әрекетін қоғамға қауіп төндірмейтін болмашы жағдай деп бағалады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы жазды.

22 жастағы елорда тұрғыны шығармашылық саласында жұмыс істейді. Ол салынып жатқан LRT нысаны маңынан бір патрон тауып алып, оны түсірілімге қажет болуы мүмкін реквизит ретінде рюкзагына салып қойған.

Алайда жас жігіт кейін бұл затты ұмытып кеткен. Арада бір жыл өткен соң ол Алматыға ұшу үшін Астана әуежайына келген кезде, ұшар алдындағы тексеру барысында рюкзагының қалтасынан патрон табылған.

Алғашқы сот инстанциясы оны оқ-дәріні заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.

Дегенмен істі қарау кезінде студенттің патронды мақсаты бойынша қолдануға, басқа адамдарға беруге немесе сатуға ниеті болмағаны анықталған. Сондай-ақ одан қару тәркіленбеген, ешқандай зиянды салдар болмаған.

ҚР Қылмыстық кодексінің 10-бабына сәйкес, қылмыс белгілері болғанымен, әрекет өзінің болмашылығына байланысты қоғамға қауіп төндірмесе, ол қылмыстық құқық бұзушылық болып саналмайды.

Кассациялық сот жас жігіттің әрекетінде қылмыстық құрам жоқ деген қорытындыға келіп, істі тоқтатты.

Сот шешім шығарған кезде бір ғана патрон туралы сөз болғанын, айналаға зиян келмегенін және істің мән-жайы оны заңсыз мақсатта пайдалануға ниеті болмағанын ескерген.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор