«Артында 10 айлық сәбиі қалды»: Қорғас тасжолындағы апаттан қаза болған отбасының туысы мәлімдеме жасады
Жол апатынан бір отбасының үш мүшесі қаза тауып, артында екі бала мен сәби қалғаны айтылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы – Шелек – Қорғас тасжолындағы ауыр жол апатынан қаза тапқан үш адамның туысы оқиғаға қатысты жаңа мәліметтерді айтты. Ол тергеудің әділ жүргізілуін талап етті.
Gulzzane Turdiyeva есімді әйел Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында апат кезінде әпкесі, оның күйеуі және қызы қаза болғанын жазды.
Оның айтуынша, 23 маусымда отбасы көлікпен жолда келе жатқан кезде қарсы бағыттан келген көлік соғылған. Марқұмдардың туысы көлік жүргізушісі мас күйде болғанын және арнайы атағы бар адам екенін мәлімдеді.
«Бір отбасының үш өмірі қиылды. Бірнеше секундтың ішінде өміріміз «дейін» және «кейін» болып бөлінді. Екі бала мен 10 айлық немере сәби тірі қалды. Қазір олар түрлі жарақатпен ауруханада жатыр», – деп жазды ол.
Әйелдің мәліметінше, қаза болған әпкесі мен күйеуі 40 жаста, ал олардың қызы 20 жаста болған. Марқұм қыздың артында 10 айлық сәбиі қалған.
Сонымен қатар ол кінәлі адамдардың жауапқа тартылуын талап етіп, істің жабық қалмауын сұрады.
«Тергеу бұған дейінгідей аяқсыз қалмаса екен. Бұлай болмауы керек. Кінәлілер жауап беруі тиіс», – деді ол.
Алматы облысы полиция департаменті бұған дейін аталған жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және күдікті жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлаған.
Алайда полиция өкілдері жүргізушінің мас болғаны және оның арнайы қызмет өкілі екені туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме бермеген. Қазір жол апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы