Шымкент 17 жастағы қызды алып қашқан үш адам сотталды
Кәмелетке толмаған қызды күштеп тұрмысқа бермек болғандар сотталып кетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте кәмелетке толмаған колледж студентін еркінен тыс тұрмысқа бермек болған адамдарға қатысты сот үкімі шықты. Үш айыпталушы үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Kazinform жазды.
Оқиға 2025 жылдың қарашасында болған. Іс биыл қаңтарда 17 жастағы қыздың әлеуметтік желі арқылы өз басынан өткен жағдайды айтып беруінен кейін қоғам назарын аударды.
Жәбірленушінің айтуынша, төрт ер адам оны Шымкенттегі Ташкент тасжолы маңынан көлікке күштеп отырғызып, телефонын алып қойған. Кейін Сарыағаш ауданындағы Дербісек ауылына апарған.
Қыздың сөзінше, жігіттің туыстары алдын ала құда түсуге дайындалып, оған қысым көрсеткен. Тіпті оның өз еркімен барғаны туралы қолхат жаздыруға мәжбүрлеген. Сондай-ақ жәбірленуші өзіне күш қолданылғанын айтқан.
Кейін қыз үйден қашып шығып, анасына барған. Осыдан кейін полиция Қылмыстық кодекстің «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бабымен іс қозғаған.
Сот анықтағандай, үш сотталған және іздеуде жүрген тағы бір адам алдын ала сөз байласып, қызды көлікке күштеп отырғызып, Сарыағаш ауданындағы жеке үйге жеткізген. Сол жерде оны некеге тұруға мәжбүрлеуге әрекет жасаған.
Айыпталушылардың кінәсі сараптама қорытындылары, заттай дәлелдер және куәгерлердің жауаптары арқылы дәлелденген.
Судья Айна Орақбаева жәбірленушінің сол күні бір жігітпен кездесуге өз еркімен барғанын, алайда оның «алып қашуға» келісім бермегенін атап өтті.
«Жәбірленуші көлікке өз еркімен отырған. Бірақ ол кездесуге жастар арасындағы қарапайым жүздесу ретінде барған. Ал алып қашуға келісім берген жоқ», – деді судья.
Прокурор әр сотталушыға үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Жәбірленуші тарап та осы талапты қолдаған. Ал айыпталушылар өз кінәсін мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұраған.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты үш адамды Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының тиісті бөліктері бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына үш жылдан жаза тағайындады. Бір сотталушыға кәмелетке толмаған балалары бары ескеріліп, жеңілдететін жағдай ретінде қабылданған.
Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ. Сотталғандардың туыстары шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Қазақстанда некеге мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауапкершілік 2025 жылдың қыркүйегінен бастап енгізілген. Мұндай қылмыс үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр жағдайларда жаза мерзімі 10 жылға дейін жетуі мүмкін.
Материал авторы