Әкесі зорлағанын айтқан блогердің мәлімдемесі тексеріліп жатыр (ВИДЕО)
Блогердің ата-анасы оның мәлімдемесін жоққа шығарып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысының полициясы әлеуметтік желіде тараған блогердің әкесіне қатысты ауыр айыптауын тексеріп жатыр.
Әлеуметтік желілерде блогер қатысқан видеолар тараған. Онда әйел балалық шағында әкесі тарапынан заңсыз сипаттағы сексуалдық әрекеттер жасалғанын айтқан.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған материалдар бойынша тексеру басталған. Видеоларда блогер тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, өзін оғаш ұстағаны да көрсетілген.
«Осы факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, туыстарынан жауап алды және жарияланған материалдарды зерттеді», – деді ведомство өкілдері.
Блогердің ата-анасы оның айтқандары шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген. Олар қызымен ұзақ уақыт бойы байланыс жасамағанын айтқан.
Қазір тараптардың барлық уәжі тексеріледі.
Сонымен қатар ата-анасының арызы бойынша жалған ақпарат тарату дерегімен әкімшілік іс қозғалған. Бұған қоса блогер ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Полиция жалған мәлімет таратудың заң алдында жауапкершілігі бар екенін еске салды. Ведомствоның айтуынша, мұндай әрекеттерге құқықтық баға беріліп, әкімшілік немесе қылмыстық заңнама аясында шара қолданылады.
Материал авторы