2592

Ауласынан дуаланған заттар тапқан Айгүл Иманбаева Ыстамбұлға кетті

Әнші жағымсыз жағдайға қарамастан, көңіл-күйін көтеру үшін Түркияға кетіп қалды.

Ауласынан дуаланған заттар тапқан Айгүл Иманбаева Ыстамбұлға кетті
instagram.com/aigul_imanbayeva

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса әрі әнші Айгүл Иманбаева ауласынан түсініксіз заттар табылғаннан кейін Түркияға ұшып, Ыстамбұлдан сурет жариялады. Өнер иесі оқырмандарына жақсы көңіл-күйін көрсеткен.

Бірнеше күн бұрын Айгүл Иманбаева үйінің ауласынан өзіне ауыр әсер еткен тосын зат табылғанын айтқан еді. Оның сөзінше, мұны кім жасағанын біледі.

Әнші ауласынан ине мен пышақ қадалған қуыршақ және түрлі «дуалау» заттары табылғанын мәлімдеген.

«Жаудың алыстан келмейтінін жақсы білемін. Мына сұмдықты кеше таптық, бұл жағдай бір жылдан бері жалғасып келеді. Адамды соншалық жек көруге, қызғануға бола ма? Құдайдан неге қорықпайсыздар? Мұны кім жасап жүргенін де біліп отырмын. Жасырын камера тұрғанын байқамайды ғой, оның үстіне жүрек бәрін сезеді», – деп жазды Иманбаева.

Ол мұндай әрекеттердің артында өздігінен жүрмей, өзгелерді пайдаланатын адамдар бар екенін де айтқан.

Алайда әнші бұл жағдайға байланып қалмай, көңілін басқа жаққа бұру үшін Түркияға жол тартқан. Ол Стамбұлдағы атақты Көк мешіттің жанында түскен суретін әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеді.

Саяхат кезінде Айгүл Иманбаева гүлді өрнегі бар ашық түсті жазғы көйлек таңдаған.

«Сұлулық пен тарих тоғысқан, екі құрлықты біріктірген ғажайып қала – Ыстамбұл», – деп жазды ол.

Желі қолданушылары өнер иесіне қолдау білдіріп, жылы пікірлер қалдырды. Олар әншінің демалысын жақсы өткізуін тілеп, оның бейнесі мен таңдаған киіміне жоғары баға берген.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор