1927

«Қашып кетпесін деп байлаған»: Атырау облысында 89 жастағы қария ұлын айыптады

89 жастағы Әділхан Сисенов ұлы өзін үйге қамап, күш көрсеткенін айтып, полицияға жүгінді.

«Қашып кетпесін деп байлаған»: Атырау облысында 89 жастағы қария ұлын айыптады
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысы Сағыз ауылында 89 жастағы қария өз ұлының зорлық көрсеткенін айтып, полицияға шағымданды. Қарт ер адамның сөзінше, баласы оны ұрып, скотчпен байлап, үйден шығуына кедергі келтірген. Бұл туралы «АқЖайық» басылымы жазды.

Әділхан Сисеновтің айтуынша, оқиға 18 маусымда болған. Ол ұлы оны соққыға жығып, қол-аяғын скотчпен байлап, үйде ұстап отырғанын мәлімдеді.

«Мені қашып кетпесін деп байлады. Күндіз терезенің торын шешуге тырыстым, сол кезде ұлым келіп ұрды. Құлап түстім. Таңнан бері аш едім, ештеңе жемедім. Кешке қарай қайта келіп, бірдеңе айтып, маңдайымнан ұрды», – деді қария.

Оның айтуынша, үйден шыға алмауы үшін терезелердің тұтқалары да алынып тасталған.

Қарияның қалай босап шыққанын оның қарындасы Кенжетай Сисенова айтып берді. Оның сөзінше, ағасы дәретханаға барған кезде қолындағы скотчты қайшымен кесіп, түнгі уақытта баласы ұйықтап жатқанда терезеден шығып кеткен. Одан кейін ол көрші тұратын інісінің үйіне жетіп, жақындарына хабар берген.

Әділхан Сисенов 1937 жылы туған. Ол тыл еңбеккері, III топтағы мүгедек және онкологиялық есепте тұр. Отадан кейін де өзіне өзі қарай алатыны, ақыл-есі орнында екені туыстары тарапынан айтылды.

Қария жұбайы қайтыс болғаннан кейін соңғы он жыл бойы кіші ұлы Қанатпен бірге тұрған. Үйін де соның атына жазып берген.

Атырауда тұратын екінші ұлы Әдебиет Сисенов әкесін қорғау керек екенін айтты.

«Әкеме өте ауыр. Өз туған баласының оған осылай қарағанын көру қиын. Тиісті шара қолданылғанын қалаймын», – деді ол.

Оның айтуынша, әкесін өз үйіне алып кетуге дайын, алайда қария өмірінің көп бөлігі өткен Сағыз ауылынан кеткісі келмейді. Себебі мұнда туыстары мен жақындары бар.

Журналистер Қанат Сисеновтен де түсініктеме алуға тырысқан. Ол жағдайға қатысты пікір білдіре алмайтынын айтып, кейін хабарласатынын жеткізген. Алайда кейін байланысқа шықпаған.

Қазіргі уақытта Әділхан Сисенов Сағыз ауылдық полиция бөліміне арыз жазған. Оған қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалып, нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады. Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Азмұханов бұл дерек бойынша полиция тексеру жүргізіп жатқанын растады.

Қарияның қарындасының айтуынша, бірнеше жыл бұрын әке мен бала арасында жанжал болған. Ол кезде мәселе ауыл ақсақалдарының көмегімен шешілген. Ал қазіргі жағдай зейнетақы мәселесінен кейін ушыққан болуы мүмкін.

«Ағама мал да, дүние де керек емес. Ол тек тыныш өмір сүргісі келеді. Өзі тамақтанады, жуынады, күтімін өзі жасайды», – деді Кенжетай Сисенова.

Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор