Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет өңір журналистеріне де баспана беріледі
Журналистерге үй беру бастамасы енді Астанамен шектелмей, облыстарға да тарайды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистика саласында ел мүддесін жоғары қоятын азаматтардың еңбегі әрдайым бағалануы керек екенін айтты. Президенттің сөзінше, журналистер қоғамның санасын қалыптастырып, халықтың білімге, ғылымға ұмтылуына ықпал етіп келеді.
Тоқаев аға буын журналистер қалыптастырған кәсіби жолды қазіргі қалам иелері жалғастырып отырғанын атап өтті.
«Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер», – деді Президент.
Мемлекет басшысы медиа саласы қызметкерлеріне қолдау көрсету және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Оның айтуынша, журналистерге тұрғын үй беру бастамасы соңғы жылдары жалғасып келеді. Соңғы үш жыл ішінде Астана қаласында 200 журналист баспаналы болған.
Президент бұл жобаның ауқымын кеңейту қажет екенін айтып, әсіресе өңірлерде жұмыс істейтін тілшілердің еңбегін ерекше атап өтті.
«Сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, биыл Қазақстан бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беру жоспарланып отыр. Президент жаңа қоныс иелерін құттықтады.
Материал авторы