2640

Мексикада футбол жеңісін тойлаған жанкүйерлерді көлік қағып, 17 адам жараланды (ВИДЕО)

Чехияны жеңгеннен кейінгі мереке кезінде жанкүйерлер мен көлік жүргізушісі арасында жанжал туып, арты жол апатына ұласты.

Мексикада футбол жеңісін тойлаған жанкүйерлерді көлік қағып, 17 адам жараланды (ВИДЕО)
x.com/ngelLucio

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мексиканың Кабо-Сан-Лукас қаласында футбол жанкүйерлері арасындағы мереке қайғылы жағдаймен аяқталды. Чехия құрамасын жеңгеннен кейін жеңісті атап өтіп жатқан жанкүйерлер тобына көлік кіріп кетіп, 17 адам жарақат алды.

Оқиға Оңтүстік Калифорния штатына қарасты Кабо-Сан-Лукас қаласында болған. Бұл туралы шетелдік ақпарат құралдары жазды.

Алдын ала мәлімет бойынша, жанкүйерлер жолда тұрған көлікті қоршап алып, оның қозғалуына кедергі келтірген. Кейбір адамдар көлікті жан-жағынан итеріп, шайқай бастаған.

Кенет жүргізуші көлікті орнынан қозғаған. Нәтижесінде автомобиль бірнеше адамды қағып кеткен. Қақтығыстан кейін 17 жанкүйер ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің бірі ауыр жағдайда жатыр.

Оқиғаға қатысы бар жүргізуші ұсталған. Қазір ол да медициналық көмек алып жатыр. Тергеу барысында көліктің неліктен қозғалғаны және жүргізушінің әрекетіне қандай себеп болғаны анықталады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор