Әкесі зорлағанын айтқан блогердің үстінен анасы арызданды (ВИДЕО)
Блогер Жузефина айыппұл арқалап, қамауға алынды.
Алматыда әлеуметтік желіде әкесінің өзіне күш қолданғанын айтқан блогердің мәлімдемесі бойынша полиция тексеріс жүргізді. Алайда тергеу барысында жарияланған ақпарат расталмай, қыздың өзіне қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы Алматы қаласы полиция департаменті жазды.
Алматы полициясының мәліметінше, әлеуметтік желілердің бірінен қазақстандық блогер қыздың әкесінің оған қатысты заңсыз әрекет жасағаны туралы айтқан видеосы анықталған. Жазбада балағат сөздер мен қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер болған.
Осы мәлімдемелер бойынша тексеру жүргізілген. Полиция қызметкерлері блогер мен оның ата-анасын анықтап, олардан түсініктеме алған. Нәтижесінде қыздың айтқан деректері расталмаған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, видеода Алматы тұрғыны есірткі затын қолданғанын көрсеткен. Медициналық тексеру барысында оның тыйым салынған зат пайдаланғаны анықталған.
Сонымен қатар полиция блогердің әрекетінен ұсақ бұзақылық және жалған ақпарат тарату белгілерін тапқан. Жиналған материалдар сотқа жолданды.
Полиция бұған дейін де қызбен профилактикалық әңгіме жүргізіп, заңға қайшы әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту бергенін хабарлады.
Сот шешімімен блогерге 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Бұдан бөлек, жалған ақпарат таратқаны және полицияның ескертуін елемегені үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұл шамамен 108 мың теңгеден асады.
Полиция мәліметінше, блогер бұған дейін де арнайы қызметтерге жалған шақырту беру және ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдары азаматтарды тексерілмеген ақпарат таратпауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттер үшін заң алдында жауапкершілік бар екенін ескертті.
Материал авторы