746

40 градусқа дейін ыстық: синоптиктер бірқатар облысқа ескерту жасады

Қазақстанның бірнеше өңірінде аптап ыстық пен дауылды жел күтіледі.

40 градусқа дейін ыстық: синоптиктер бірқатар облысқа ескерту жасады
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, cиноптиктер 26-29 маусым аралығында Қазақстанның бірқатар облысында қолайсыз ауа райы күтілетінін хабарлады. Бұл туралы «Қазгидромет» мәліметіне сүйеніп жазды.

Ең жоғары температура Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Алматы және Жетісу облыстарында тіркелуі мүмкін. Кей өңірлерде күндіз ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Шығыс Қазақстан облысында 29 маусымда күндіз оңтүстік аудандарда қатты ыстық күтіледі. Абай облысында да осы күні температура 40 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Алматы және Жетісу облыстарында 27-29 маусым аралығында күндіз аптап ыстық болады. Алматы облысының солтүстігінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі.

Сонымен қатар бірқатар өңірде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жел күшейіп, кей жерлерде екпіні секундына 20-25 метрге дейін жетуі мүмкін.

Жетісу облысындағы Алакөл маңында желдің екпіні 30 м/с және одан да жоғары болуы ықтимал.

Сондай-ақ көптеген аймақта жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Мамандар тұрғындарды аптап ыстық кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтауға, табиғи аумақтарда от жағудан бас тартуға шақырды.

Ауа райының күрделенуіне байланысты азаматтарға дауылды ескертулерді бақылап, қажетті сақтық шараларын ұстану ұсынылады.

Материал авторы