1142

АҚШ саяси баспана сұраған шетелдіктерді қабылдауды тоқтатпақ

АҚШ-тағы билік қатаң шараларға көшті.

АҚШ саяси баспана сұраған шетелдіктерді қабылдауды тоқтатпақ
Spencer Platt / Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ билігі саяси баспана алу үшін өтініш беретін шетел азаматтарын қабылдауды тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ақ үй аппараты басшысының орынбасары Стивен Миллер мәлімдеді.

Мәліметке сәйкес, АҚШ енді баспана сұраған адамдарды қабылдаудың орнына оларды қабылдай алатын басқа мемлекеттерді іздеуді көздеп отыр.

«Егер сіз баспана сұрасаңыз, біз сізді қабылдай алатын әлемдегі басқа бір елді табамыз. Бұл өте қарапайым, тиімді және толық шешім», – деді Стивен Миллер журналистерге берген түсініктемесінде.

Оның айтуынша, АҚШ-тың оңтүстік шекарасы арқылы берілетін баспана өтініштерінің барлығы дерлік «жалған» болып саналады.

Бұл мәлімдеме АҚШ-та көші-қон саясатына қатысты жаңа шаралар талқыланып жатқан кезде жасалды.

Бұған дейін сол күні АҚШ Жоғарғы соты ел аумағында заңды мәртебесі жоқ Сирия мен Гаити азаматтарына уақытша қорғалатын тұлға мәртебесін бермеуге мүмкіндік беретін әкімшілік шешімді қолдаған.

Жаңа бастама АҚШ-тың миграциялық жүйесіне елеулі өзгеріс енгізуі мүмкін. Билік бұл қадамды шекарадағы бақылауды күшейту және заңсыз көші-қонды азайту мақсатымен байланыстырып отыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор