2738

«Қатал көрінді»: Роза Рымбаеваның келіні алғашында енесінен қорыққанын айтты

Жас келін алғашында Роза Рымбаевамен бір ортада болудан қысылғанын жеткізді.

«Қатал көрінді»: Роза Рымбаеваның келіні алғашында енесінен қорыққанын айтты
instagram.com/akerkeburkitbay

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, өнер иесі Ақерке Бүркітбай, әншінің ұлы Әли Оқаповтың жары және Роза Рымбаеваның келіні болашақ енесімен таныспай тұрып, одан именгенін айтты. Әли Оқапов пен Ақерке Бүркітбай Динара Сәтжанның The DS' Show бағдарламасына қонақ болып, отбасы мен қарым-қатынас туралы әңгімеледі. Бағдарлама барысында олардан халық әртісінен көп адамның неге тартынатыны сұралды.

Әли Оқапов анасының мінезін түсіндіріп, оның танымал болғаны үшін емес, әділдікке бейжай қарамайтын қасиеті үшін кей адамдардың одан қысылатынын айтты.

«Ол — аңыз адам. Мінезі ашық, тура сөйлейтін жан. Егер бір нәрсе дұрыс болмаса, үндемей қалмайды, әділдік үшін күреседі. Біреу орынсыз әрекет етсе, жасына немесе мәртебесіне қарамай, өз ойын айтады», — деді ол.

Оның айтуынша, Роза Рымбаева әдейі қатаңдық танытпайды. Кейде адамдардың өздері әдеп пен мәдениет шекарасын сақтай бермейді.

Ал Ақерке Бүркітбай болашақ енесімен жеке танысқанға дейін өзі де қобалжығанын мойындады.

«Тұрмысқа шықпай тұрып оны сырттай білетінмін, сондықтан қорқатынмын. Бір концертте бірге болғанда көзге түспеуге тырысатынмын», — деді ол.

Алайда бұл сезімі Роза Рымбаеваның үйіне алғаш барғаннан кейін өзгерген. Келінінің айтуынша, әнші өзін өте жылы қабылдаған.

«Әли мені үйге апарып, анасымен таныстырғанда бәрі өзгерді. Ол өте мейірімді, түсінігі мол, қамқор ана екен. Барлығын өзі дайындап, тамақ жасап, дастархан жайды. Сол сәтте қорқынышым бірден жоғалды», — деп еске алды Ақерке.

Роза Рымбаева — Қазақстанның халық әртісі, ұзақ жылдар бойы отандық эстраданың танымал тұлғаларының бірі болып келеді. Оның сахнадағы беделі мен талапшылдығы туралы әріптестері жиі айтып жүр.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор