Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті
Елдегі орташа жалақы көлемі көбейді дейді Қаржы министрі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан экономикасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) ақшалай мәнде шамамен 15 млрд долларға артқан.
«Салыстырмалы түрде айтсақ, 2024 жылы ЖІӨ өсімі 5 пайыз болған. Ал инфляция деңгейі 13 пайыз көлемінде қалыптасты», — деді Мәди Тәкиев.
Оның сөзінше, 2025 жылы Қазақстандағы орташа айлық жалақы 442 мың теңгені құраған. Ал жыл бойы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз шамасында сақталған.
Сонымен қатар министр еңбекақы төлемдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 30 пайыздан асқанын атап өтті. Қазақстан бұл көрсеткішті әлемдік орташа деңгейге, яғни 40 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр.
Экономикадағы өсім көрсеткіштері елдегі өндіріс, қызмет көрсету және басқа да негізгі салалардың белсенділігін көрсетеді. Алайда сарапшылар үшін инфляция деңгейі мен халық табысының нақты өсімі де маңызды фактор болып қала береді.
Материал авторы