Суды ысырап етпеудің жаңа жолы табылды: Су арналарының үстіне күн батареялары қойылды

Жаңа тәжірибе су тапшылығы бар елдерге жаңа мүмкіндік ұсынды.

Суды ысырап етпеудің жаңа жолы табылды: Су арналарының үстіне күн батареялары қойылды
Project Nexus

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Калифорнияда күн энергиясын өндіру мен су ресурстарын сақтауды қатар көздейтін жаңа жоба сынақтан өтті. Штатта суару каналдарының үстіне күн панельдерін орнату бойынша пилоттық жоба аяқталды. Бұл туралы жоба авторлары The New York Times басылымына мәлімдеді.

Project Nexus деп аталатын бастамаға шамамен 20 миллион доллар жұмсалған. Жоба аясында жұмыс істеп тұрған ирригациялық каналдардың үстіне күн батареялары орналастырылды. Бұл Калифорниядағы электр энергиясын өндіру мен су қорын қорғауды бір жүйеге біріктірген алғашқы тәжірибелердің бірі болды.

Калифорния университетінің Мерсед қалашығы зерттеушілерінің бағалауынша, егер штаттағы ашық каналдардың шамамен 4 мың милі (6,4 мың шақырымы) күн панельдерімен жабылса, бұл жүйе 13 ГВт-қа дейін күн энергетикасы қуатын бере алады.

Сонымен қатар мұндай тәсіл жыл сайын судың булануынан болатын шығынды 63 млрд галлонға (шамамен 238 млн текше метр) дейін азайтуы мүмкін.

Жобаның тағы бір артықшылығы — күн электр станцияларын орналастыру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланудың қажет болмауы. Панельдер дайын инфрақұрылымның үстіне орнатылады.

Мамандардың айтуынша, каналдардың үстіндегі панельдер судың табиғи салқындату әсерінің арқасында тиімдірек жұмыс істеуі мүмкін. Бұдан бөлек, көлеңке каналдардағы балдырлар мен арамшөптердің көбеюін азайтуға көмектеседі.

Жоба дәстүрлі күн электр станцияларымен салыстырғанда бастапқыда қымбатырақ болғанымен, су тапшылығы байқалатын аймақтар үшін перспективалы шешім ретінде қарастырылып отыр.

Калифорния тәжірибесі болашақта су ресурстары тапшы елдер үшін энергия өндіру мен табиғи қорларды сақтаудың жаңа үлгісі болуы мүмкін.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор