«Тексеріс басталды»: «Мисс Павлодар» қатысушысы отбасылы еркекпен көңіл қосқаны туралы ақпарат тарады
Павлодарлық 5 балалы әйел күйеуі мен 21 жастағы қыздың арасындағы махаббатты жайып салды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда «Мисс Павлодар» байқауына қатысушылардың бірі дауға қалды. Әлеуметтік желіде әйел күйеуінің 21 жастағы қызбен қарым-қатынаста болғанын айтып, отбасының бұзылғанын жазған.
Threads желісіндегі alimkhanova_ai есімді қолданушы күйеуімен 18 жыл бірге тұрғанын, оның ішінде 15 жыл некеде болғанын және бес баланы тәрбиелеп отырғанын жазған.
Оның айтуынша, күйеуі ұзақ жылдық отбасылық өмірден кейін жас қызбен байланыс орнатқан.
«Мен бұл жағдайдың қыздың жасына байланысты емес екенін түсіндім. Ең ауыры — бірге өмір сүрген адамның отбасыға, сенімге және балалардың тыныштығына қауіп төндіруі», — деп жазды ол.
Әйел бұл жазбасын жұрттың аяушылығын алу үшін емес, ішіндегі ауыртпалығын бөлісу үшін жариялағанын атап өтті. Сондай-ақ ол аталған қызды отбасының бұзылуына себепкер деп айыптаған.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Кейбір қолданушылар сұлулық байқауына қатысушылардың жеке өмірі мен моральдық ұстанымдары да маңызды болуы керек деген пікір білдірді.
Жағдайға байланысты «Мисс Павлодар» байқауының директоры Айзат Қожабаева пікір білдірді. Оның айтуынша, ол бұл жағдай туралы әлеуметтік желідегі таралымдардан кейін ғана білген.
«Соңғы күндері әлеуметтік желілерді белсенді қолданбадым. Жақында ауыр операциядан өтіп, қазір емделіп жатырмын», — деді ол.
Байқау директоры ұйымның әрдайым адалдық, ашықтық, отбасы құндылықтары мен жауапкершілік қағидаларын ұстанатынын атап өтті.
Қазір ұйымдастыру комитеті жағдайға байланысты ішкі тексеріс жүргізіп жатыр. Комиссия барлық мән-жайды анықтап, байқау ережелері мен этикалық талаптарға сәйкестігін бағалайды.
Ұйым өкілдері тексеріс аяқталғанша расталмаған ақпарат таратып, бір-бірін айыптауға асықпауға шақырды. Соңғы шешім толық зерттеу жүргізілгеннен кейін ресми түрде жарияланатыны айтылды.
Материал авторы