Ақтөбеде әйелді интим видеомен қорқытқан ер адам ұсталды
Ақтөбеде 38 жастағы ер адам қамауға алынды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында әйелді жеке сипаттағы видеолар арқылы қорқытып, психологиялық қысым көрсеткен ер адам ұсталды. Полиция күдіктіні анықтап, тергеу жұмыстарын бастады.
Ақтөбе қаласының тұрғыны полицияға арызданған. Оның айтуынша, бұрын қарым-қатынаста болған ер адам рұқсатсыз түсірілген интим видеоларды жариялайтынын айтып, оған қысым көрсеткен.
Оқиға бойынша облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жедел іс-шаралар жүргізген.
Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шыққан.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке өмірге қол сұғылмаушылық талаптарын бұзу және басқа да құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта тергеу органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің басқа да заңсыз әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Материал авторы