Петропавлда сауна әкімшісі ұйықтап қалған клиенттің телефонынан 850 мың теңге ұрлаған
Сотталушы өз кінәсін мойындамай қойды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда ойын-сауық орнының әкімшісі келушінің ұйықтап қалғанын пайдаланып, оның смартфоны арқылы қомақты ақша аударған. Сот әйелді кінәлі деп танып, жаза тағайындады. Бұл туралы Halyqstan басылымы жазды.
Оқиға өткен жылдың күзінде болған. Қалалық сауналардың біріне барған Петропавл тұрғыны демалу үшін бөлме жалдап, алкоголь мен тіскебасарға тапсырыс берген. Ер адам кеш барысында шамамен 120 мың теңге жұмсаған. Оның банк шотында сол кезде 1,5 миллион теңгеге жуық қаражат болған.
Кейін оған шақырылған қыз қосылған. Бірге ішімдік ішкеннен кейін ер адам қатты мас болып, ұйықтап қалған. Өзінің айтуынша, сол сәттен кейін не болғанын есіне түсіре алмаған.
Таңертең оянған клиент шотындағы ақшаның азайып кеткенін байқаған. Тексеру барысында оның картасынан бірнеше операция арқылы бөтен шоттарға 850 мың теңге аударылғаны анықталды.
Тергеу барысында күдік сауна әкімшісі Наталья М.-ға түскен. Алайда ол тағылған айыппен келіспей, ер адамның өзі ақшаны қолма-қол шешіп алу үшін көмектесуді сұрағанын айтқан.
Сот бұл нұсқаны қабылдамады. Айыптау тарапы ұсынған дәлелдер жеткілікті деп танылып, әйел кінәлі деп табылды.
Сот шешімі бойынша Наталья М. ақпараттық жүйеге заңсыз кіру арқылы ұрлық жасағаны үшін 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар ол жәбірленушіге 850 мың теңгені толық қайтаруға және адвокат шығындарын өтеуге міндеттелді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар оны заңда белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
Материал авторы