1943

Ербаян Мұхтар жер қойнына тапсырылды

Қоштасу рәсіміне марқұмның жақындары мен әскери өкілдер келіп, Ербаянды ақтық сапарға шығарып салды.

Ербаян Мұхтар жер қойнына тапсырылды
SMARTNEWS.KZ коллажы / instagram.com/erbayan2024, Belles.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада мерзімді әскери қызметтен кейін ауыр жағдайда оралған және кейін өмірден өткен сарбаз Ербаян Мұхтармен қоштасу рәсімі өтті. Оның қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырып, әскердегі тәртіп пен бақылау мәселесін қайта көтерді. Бұл туралы Belles.kz басылымы жазды.

Елордадағы Шейх Кунта Қажы мешітінде Ербаян Мұхтарға арналған жаназа намазы оқылды. Қоштасу рәсіміне марқұмның туыстары, достары, жақындары және оны қолдаған азаматтар жиналды.

Куәгерлердің айтуынша, рәсімге жүзге жуық адам қатысқан. Жаназаға Ұлттық ұлан өкілдері мен әскери қызметкерлер де келген. Олар мешітке арнайы автобуспен барған.

Жаназа намазынан кейін Ербаян Мұхтардың денесі зиратқа жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды.

Марқұмның отбасы адвокаты Инга Иманбай Ербаянның оқиғасы Қазақстандағы мерзімді әскери қызметке деген көзқарасқа әсер етуі мүмкін екенін айтты.

«Менің екі ұлым бар. Олардың патриот болып өсіп, Отанын қорғағанын қалаймын. Ол үшін әскерде қызмет ету керек. Бірақ балаларымды ол жаққа жіберу үшін мемлекетке сенуім қажет. Ербаянға қатысты жағдайдан кейін мемлекет нақты өзгерістер жасауы тиіс», — деді адвокат.

Оның пікірінше, азаматтар әскерге сенімін жоғалтса, бұл тек жеке отбасылардың мәселесі емес, елдің қауіпсіздігіне де әсер етуі мүмкін.

«Егер ел азаматтары мемлекетке сенбей, ұлдарын әскерге жіберуден бас тартса, ертең елді кім қорғайды?» — деді Инга Иманбай.

Қоштасу рәсімі өткен мешіт маңында полиция көліктері байқалған.

Ербаян Мұхтардың тарихы бұған дейін де қоғамның қызу талқысына түскен. Жас сарбаз әскери қызметтен кейін ауыр жағдайда оралып, ұзақ уақыт төсекке таңылған. Кейін оның қайтыс болғаны белгілі болды.

Оқиғаның нақты мән-жайы әлі де талқыланып, құқықтық және қоғамдық бағасы берілуде.

Материал авторы