Венесуэладағы жойқын жер сілкінісінен 230-дан астам адам қаза тапты
Құтқарушылар үйінді астындағы адамдарды іздеп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Венесуэлада болған екі қуатты жер сілкінісінен кейін құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан 235 адам қаза тауып, 4 мыңнан астам адам жарақат алған. Алайда билік құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы AP агенттігі жазды.
Төтенше жағдай сәрсенбі күні кешке болған магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі жер сілкінісінен кейін тіркелді. Мыңдаған адамның әлі хабар-ошарсыз кеткені айтылып отыр.
Ең көп зардап шеккен аймақ — Каракас қаласының солтүстігіндегі жағалауда орналасқан Ла-Гуайра штаты. Онда тұрғын үйлер, жолдар және маңызды инфрақұрылым нысандары зақымданған. Табиғи апат салдарынан аймақтағы халықаралық әуежай уақытша жабылып, гуманитарлық көмекті жеткізу қиындаған.
Зардап шеккен елді мекендерде тұрғындар үйінділер арасынан жақындарын іздеуге өздері кіріскен. Мемлекеттік телеарналар қираған ғимараттардың астынан адамдардың құтқарылған сәттерін көрсетті.
Көптеген тұрғындар жаңа жер сілкінісі болуы мүмкін деген қауіппен түнді саябақтарда, автотұрақтарда және ашық алаңдарда өткізген.
Каракас пен басқа қалаларда жоғалған адамдар туралы хабарландырулар тарай бастады. Шетелде тұратын венесуэлалықтар да жақындарымен байланысуға тырысуда. Алайда байланыс жүйесіндегі ақаулар іздеу жұмыстарын қиындатып отыр.
Елдегі жағдайға байланысты Венесуэла билігі төтенше жағдай режимін енгізді. Ел басшысының міндетін атқарушы Дельси Родригес ауруханалар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіруге 200 миллион доллар көлемінде қор құрылатынын мәлімдеді. Сонымен бірге құтқару жұмыстарына қосымша техника тартылып жатыр.
АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, екі жер сілкінісінің де ошағы Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласы маңында орналасқан. Ол Каракастан шамамен 170 шақырым батыста жатыр.
Мамандар апаттың салдары екі күшті дүмпудің бірінен кейін бірі, әрі таяз тереңдікте болғанынан күшейгенін атап өтті.
Жер сілкіністерінен кейін елде бұған дейін шектелген X әлеуметтік желісіне қайта қолжетімділік берілді. БҰҰ өкілдері төтенше жағдай кезінде халыққа маңызды ақпараттың жетуін қамтамасыз етуге шақырды.
Материал авторы