2081

Алматы метросында студенттен оқ-дәрілер табылды

Метро тексерісі кезінде күмәнді зат табылып, колледж студенті ұсталды.

Алматы метросында студенттен оқ-дәрілер табылды
Алматы ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы метросында кәмелетке толмаған жолаушыдан үш патрон табылып, полиция тексеру жұмыстарын бастады.

Оқиға «Райымбек батыр» станциясында болған. Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, метро желісіндегі полиция басқармасының қызметкерлері тексеру барысында колледж студентін ұстаған.

Жеке тінту кезінде жас жігіттен автоматқа арналған болуы мүмкін үш патрон табылған. Алдын ала болжам бойынша, оқ-дәрілер Калашников автоматына тиесілі болуы ықтимал.

Оқиға орнына Жетісу ауданы полиция басқармасының жедел-тергеу тобы дереу келген. Табылған заттар тәркіленіп, олардың нақты түрін анықтау үшін сараптамаға жіберілді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқ-дәрілердің қайдан шыққаны және жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция өкілдері тергеу нәтижесі бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор