Тоқаев әскери колледжге барды: кадеттерге жаңа техника көрсетілді
Мемлекет басшысы кадеттердің оқу-жаттығу базасын аралап, әскери дайындықтың жаңа бағыттарымен танысты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіне қарасты Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысына халықаралық әскери-патриоттық жиын қатысушыларының дайындығы көрсетілді. Кадеттер Dubai SWAT Challenge жарысындағы кедергілер жолағына ұқсас «Айбын» оқу алаңынан өтіп, сондай-ақ атыс машығын жетілдіруге арналған Action Air жаттығу кешенінде дайындықтарын көрсетті.
Президентке жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған Aibyn App цифрлық платформасы мен оқу орнының кітапханасы таныстырылды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-зертханалық кешенді аралады. Мұнда кадеттер отандық өндірісте жасалған симуляциялық қондырғылар арқылы тәжірибелік дайындықтан өтеді.
Мемлекет басшысына Қазақстанда құрастырылған «Арлан» брондалған көлігі, ұшқышсыз авиация жүйелері және басқа да заманауи әскери техника үлгілері көрсетілді.

Кездесу барысында Президент әскери колледж бастығы Айбек Ғабдраховқа оқу орнына арналған автобус кілтін табыстады.
Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің негізі 1996 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен қаланған. 2000 жылы оқу орнына қазақ ғалымы әрі офицері Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Ал 2020 жылы Кадет корпусы әскери колледж мәртебесіне ие болды.

Материал авторы