Алматыда әйел аулада босанды: жедел жәрдем көлігі оқиға орнына жете алмады
Жедел жәрдем бригадасы ана мен сәбиді аман алып қалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері тұрғын үй кешенінің ауласында әйелдің босануын қабылдауға мәжбүр болды. Қазір ана мен жаңа туған сәби дәрігерлер бақылауында.
Оқиға Наурызбай ауданындағы Шұғыла шағынауданында орналасқан тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, әйел үй ауласында босанған, себебі жедел жәрдем көлігі ауладағы көліктердің көптігіне байланысты оқиға орнына бірден кіре алмаған.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, жедел жәрдем шақыртуы таңғы сағат 06:21-де түскен. Медициналық бригада оқиға орнына 06:31-де жеткен.
Дәрігерлер келген кезде әйел босанудың белсенді кезеңінде болған. Көп ұзамай жедел жәрдем бригадасының зембілінде салмағы 3 370 грамм болатын қыз бала дүниеге келген.
«Қиын жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлері босануды жедел қабылдап, ана мен жаңа туған нәрестеге қажетті көмекті көрсетті. Кейін олар қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілді», — деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта ана мен сәбидің жағдайы тұрақты. Олар өзін жақсы сезінеді және мамандардың бақылауында.
Материал авторы