Ақжан феномені: Астананы таңғалдырған қылаңбоз тұлпар Ақжанның тарихы
Сирек кездесетін түсімен көзге түскен Ақжан мыңжылдық мәдени мұраның заманауи бейнесіне айналып келеді.
Астана төрінде туған Ақжан атты қылқұйрық байтал әлеуметтік желіде кеңінен таралып, қазақ мәдениетіндегі жылқының терең мағынасын қайта күн тәртібіне шығарды. Сирек кездесетін қылаңбоз түсті тұлпарды көпшілік Ұлы даланың заманауи символдарының бірі ретінде бағалап отыр. Бұл туралы Kazinform жазды.
Ақжан Ғанатлы мен Табыс атты түрікменнің таза қанды ақалтекелерінен туған. Оның ерекше түсі мен сымбаты қолданушылардың назарын аударып, жылқының қазақ дүниетанымындағы орны туралы пікірлерге себеп болды.
Қылаңбоз түсті жылқы өте сирек кездеседі. Жарық түскенде құбылып тұратын жүні оған ерекше көрік береді. Мұндай реңк қазақ танымында да айрықша мәнге ие болған. Ақ, кіршіксіз, таза ұғымдарымен байланыстырылған бұл түс халық санасында жақсылықтың, ақ ниеттің белгісі ретінде қабылданған.

Мәдениеттанушы Әсел Никамбекова қазақ халқы мен жылқы арасындағы байланыстың терең екенін атап өтті. Оның айтуынша, жылқы бейнесі ұлттық рәміздерде, тарихи жадта және мәдени мұрада маңызды орын алады.
«Қазақ мәдениетінде жылқы культі ежелден қалыптасқан. Ботай мәдениеті мен көне деректер бұл жануардың көшпелі өркениеттегі басты рөлін көрсетеді», – дейді маман.
Зерттеушілер қазіргі Қазақстан аумағындағы Ботай мәдениетіне жататын археологиялық олжаларды жылқыны алғаш қолға үйрету кезеңімен байланыстырады. Ғалымдардың пайымынша, жылқы адамзат тарихындағы ең маңызды көлік құралдарының бірі болып, адамдарға алыс қашықтықтарды игеруге, сауда жасауға және әскери жорықтар ұйымдастыруға мүмкіндік берген.
Қазақтың «Атың барда жер таны желіп жүріп» деген мақалы да жылқының халық өміріндегі ерекше орнын көрсетеді.

Көне дәуірлерден қалған петроглифтерде, Берел қорғандарындағы жәдігерлерде жылқы адаммен қатар бейнеленеді. Көшпелі қоғамда тұлпар адамның серігі, қорғаушысы әрі рухани символы саналған.
Ақжан осы тарихи сабақтастықтың бүгінгі жалғасы ретінде қабылданып отыр. Оның есімі де символдық мағынаға ие. «Ақ» ұғымы қазақ дүниетанымында тазалықпен, адалдықпен және ізгілікпен байланысты.
Кейбір сарапшылар Ақжан бейнесін тек әдемі жылқы ретінде емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртатын мәдени құбылыс ретінде қарастырады.
Әлеуметтік желідегі Ақжанның суреттері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ерекше тұлпар бейнесі Астананың тек заманауи сәулет орталығы емес, ұлттық мәдениеттің жаңа тынысын танытатын қала екенін де көрсеткендей.