Қарағандыдағы тергеу изоляторы қызметкеріне сотталушы қол көтерді (ВИДЕО)
Жанжалдан кейін сотталушының әрекеті басқа баппен сараланып, ол босап шыққан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда тергеу изоляторы қызметкеріне шабуыл жасаған сотталушыға қатысты сот шешімі қоғам назарын аударды. Жәбірленуші істің қаралуына қатысты келіспейтінін айтып, Бас прокуратураға жүгінді.
Оқиға Қарағандыдағы тергеу изоляторында болған. Мәлімет бойынша, Магамед Гагиев есімді қала тұрғыны қылмыстық іске байланысты қамауда отырған азаматтық некедегі жұбайымен кездесуге келген.
Алайда кездесу бөлмелерінің бос болмауына байланысты ол режим және күзет бөлімінің аға бақылаушысы Асель Жамбаевамен сөзге келіп қалған. Тергеу нұсқасына сәйкес, жанжал кезінде ер адам полиция қызметкерінің бет тұсынан қолымен ұрған. Сол маңда болған басқа қызметкерлер жанжалды тоқтатуға тырысқанымен, жағдайды бірден бақылауға ала алмаған.
Оқиға кезінде Гагиев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған жағдайда болған. Бұған дейін ол Теміртау қаласындағы түнгі клубтардың бірінде жасалған адам өлтіру ісі бойынша сотталған.
Алғашқы сот инстанциясы ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 380-бабы — «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бойынша кінәлі деп таныды. Бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігі ескеріліп, оған түпкілікті бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Алайда Қазыбек би аудандық сотының судьясы Алексей Ан жәбірленуші қызметкерге қатысты жеке қаулы шығарған. Іс материалдарына сәйкес, жанжал кезінде балағат сөз қолданғаны үшін Асель Жамбаева тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Кейін апелляциялық сот алқасы істі қайта қарап, сотталушының әрекетін басқа бапқа ауыстырды. Сот оның әрекеті жеңіл дене жарақатын да келтірмегенін айтып, айыпты Қылмыстық кодекстің 380-бабынан 109-бабына («Ұрып-соғу») өзгертті.
Нәтижесінде ер адамға бас бостандығынан айыру жазасының орнына қоғамдық жұмыстар тағайындалды. Тергеу кезеңінде қамауда болған уақыты есептеліп, жаза өтелді деп танылып, ол босатылған.
Кассациялық сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Ал Асель Жамбаева апелляциялық және кассациялық соттардың қорытындыларымен келіспейді. Ол адвокаты Артем Шедогубовпен бірге Бас прокуратураға өтініш жолдап, істің мән-жайларын тексеруді және қабылданған сот шешімдерінің заңдылығына баға беруді сұрады.
Жәбірленуші тараптың пікірінше, алғашқы соттың үкімі заң талаптары мен әділдік қағидатына көбірек сәйкес келген.
Қазіргі уақытта Бас прокуратураның бұл өтінішке қатысты қандай шешім қабылдайтыны белгісіз.
Материал авторы