1148

ҰБТ-ға дайындаймын деп 28 млн теңгеден астам ақша алған күдікті Қазақстанға қайтарылды

Оқуға түсіремін деген уәдемен ондаған адамды алдаған күдікті Албанияда ұсталды.

ҰБТ-ға дайындаймын деп 28 млн теңгеден астам ақша алған күдікті Қазақстанға қайтарылды
Бас прокуратура

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Албанияда ұсталған Қазақстан азаматы ҰБТ-ға дайындық қызметін ұсынып, азаматтарды алдады деген күдікпен елге экстрадицияланды. Ол енді қазақстандық заң алдында жауап береді.

Қазақстан Бас прокуратурасының мәліметінше, азамат 2022-2023 жылдары интернет арқылы жоғары сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғары оқу орнына кепілді түрде түсіру қызметін ұсынамын деп жалған ақпарат таратқан.

Күдік бойынша, ол осы жолмен 32 азаматты алдап, олардың жалпы сомасы 28 млн теңгеден астам қаржысын иемденген.

Қылмыстан кейін күдікті ізін жасырып, Қазақстан аумағынан тыс жерге кеткен. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.

2025 жылдың мамырында азамат Албания аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге қайтарылды. Экстрадициялау жұмысына Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері мен Қазақстанның Албаниядағы елшілігі де атсалысқан.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденген жағдайда, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қырғызстаннан да көп көлемдегі ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен іздеуде болған Қазақстан азаматы экстрадицияланған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор