1087

Павлодарда зират күзетшісін пышақтап кетті

Полиция шабуылға қатысты қылмыстық іс қозғап, барлық қатысы бар адамдарды анықтаған.

Павлодарда зират күзетшісін пышақтап кетті
Sputnik / Дәурен Ерболат

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда зират күзетшісіне шабуыл жасалды деген ақпарат тарады. Оқиғаға қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Әлеуметтік желілерде Павлодардағы зираттардың бірінде күзетшіге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат пайда болды. Тараған мәлімет бойынша, бірнеше кәмелетке толмаған адам аумаққа кіріп, күзетшіге шабуыл жасаған.

«kerek.pv» Telegram-арнасында жарияланған ақпаратта ер адамға оннан астам пышақ жарақаты салынғаны айтылған.

Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен азаматтың облыстық Сұлтанов атындағы ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Ол медициналық көмек алып, бесінші күні үйіне шығарылған.

Павлодар облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.

Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор