991

Алматылық мектеп бітірушілер жаппай ереже бұзып жатыр (ВИДЕО)

Әсерлі кадр үшін жасалған қауіпті әрекет айыппұлмен аяқталды.

Алматылық мектеп бітірушілер жаппай ереже бұзып жатыр (ВИДЕО)
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда түлектер мінген автокеруеннің жүргізушілері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оқиға Шығыс айналма автомобиль жолында (ШЫАЖ) болған. Әлеуметтік желілерде тараған видеода бірнеше көліктің мерекелік кортеж құрамында қозғалып, қауіпті маневрлер жасағаны байқалады.

Алматы полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде анықталған. Бейнежазба арқылы тәртіп бұзған көлік жүргізушілерінің барлығы анықталды.

Тексеру нәтижесінде төрт жүргізуші мен бір жолаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полицияның мәліметінше, үш жүргізушіге қауіпті маневр жасау, көлік салонынан тыс жолаушы тасымалдау және жол апаты қаупін тудыру фактілері бойынша хаттамалар толтырылды. Тағы бір жүргізуші жолаушыны көлік салонынан тыс тасымалдағаны үшін жауапқа тартылды.

Сонымен қатар көліктің сыртында болған жолаушыға да әкімшілік шара қолданылды.

Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысушылармен профилактикалық әңгіме өткізіп, жол қозғалысы ережесін сақтаудың маңызын түсіндірді.

Полиция өкілдері әсерлі видео немесе сурет түсіру үшін жасалған қауіпті әрекеттердің заң алдында жауапкершілікке әкелетінін ескертті. Мұндай жағдайлар жолдағы барлық азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор