Қытайда тек роботтар жұмыс істейтін қонақүй ашылады
Жасанды интеллект басқаратын қонақүйде адамдар мүлде жұмыс істей алмайды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайда қонақүй индустриясында жаңа технологиялық жоба жүзеге асырылады. Елдегі Pudu Robotics компаниясы серіктестерімен бірге жасанды интеллект пен роботтар басқаратын толық автоматтандырылған қонақүй салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы New Atlas басылымы жазды.
Жоба Шэньчжэнь–Чжуншань көпірі маңындағы жасанды аралда салынып жатқан нысанда іске асырылады. Алғашқы қонақтар жаңа қонақүйге 2027 жылы келеді деп жоспарланған. Ал нысанды толық автоматтандыру 2030 жылға дейін аяқталмақ.
Роботтарды енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады. 2026 жылдан бастап қонақүйде түрлі қызметтерді атқаратын роботтар жұмыс істей бастайды. Ал бастапқы кезеңде кейбір міндеттерді адам қызметкерлері орындайды.
Қонақүйдегі негізгі процестердің басым бөлігі автоматтандырылмақ. Мысалы, FlashBot жүйесі арқылы қонақтар мобильді қосымша көмегімен тамақ пен сусынға тапсырыс бере алады. Тапсырысты бөлмеге арнайы роботтар өздері жеткізеді.
Жоба аясында Pudu Robotics компаниясының бірнеше робот үлгісі пайдаланылмақ. PUDU T300 роботы салмағы 300 келіге дейінгі жүкті тасымалдай алады. CC1 Pro және MT1 үлгілері бөлмелер мен аумақты тазалауға жауап береді. BellaBot Pro кофе дайындап, ұсынса, KettyBot Pro мейрамханадағы келушілерге қызмет көрсетеді.
Компания сонымен қатар қонақүй инфрақұрылымын басқаруға арналған жасанды интеллект жүйелері мен ЖИ-агенттер әзірлеген. Олардың көмегімен қабылдау бөліміндегі роботтар қонақтардың сөзін және қимылын тани алады, жеткізу роботтары ең тиімді бағытты өздігінен анықтайды, ал тазалау құрылғылары қоршаған ортадағы өзгерістерге нақты уақыт режимінде бейімделеді.
Бұған дейін Figure AI компаниясындағы гуманоид роботтар саны қызметкерлер санынан асып түскені хабарланған еді.
Материал авторы