3741

Павлодарда көлік қарсы жолаққа шығып, екі адамды қағып өлтірді (ВИДЕО)

Көлік қарсы жолаққа шығып, жаяу жүргіншілерді қағып, аялдамаға соғылған.

Павлодарда көлік қарсы жолаққа шығып, екі адамды қағып өлтірді (ВИДЕО)
instagram.com/ti.pavlo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда ауыр жол апатынан екі адам қаза тапты. Жеңіл көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, үш жаяу жүргіншіні қағып, кейін жарық бағаны мен аялдамаға соғылған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жол-көлік оқиғасы 29 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mitsubishi Carisma көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып, жаяу жүргіншілерді қағып кеткен.

Соққыдан кейін көлік басқаруын жоғалтып, жарық бағанасына және қоғамдық көлік аялдамасына соғылып, аударылған.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, апат салдарынан екі жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

«Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шығып, үш жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Кейін жарық бағанасы мен автобус аялдамасына соғылып, көлік аударылған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір адам медициналық көмекке жүгінді», – деді ведомство өкілдері.

Полиция жүргізушіні уақытша ұстау изоляторына қамаған. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.

Аталған дерек бойынша жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу барысында апаттың нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда мас ер адам дүкеннен ұрлық жасап, кейін полиция көлігін айдап кеткені хабарланған еді. Қуғын кезінде ол Назарбаев даңғылы мен КазПравда көшесінің қиылысында жол апатына түскен.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор