Астанада полиция формасын киіп видео түсірген блогер жауапқа тартылды (ВИДЕО)
30 жастағы ер адам әлеуметтік желіде даулы видеолар жариялаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада полиция формасын заңсыз киіп, әлеуметтік желіде бейнероликтер жариялаған блогер анықталды. Құқық қорғау органдары оған қатысты әкімшілік іс қозғап, материалдарды сотқа жолдады.
Полиция мәліметінше, заң бұзушылық әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
Тексеру кезінде 30 жастағы ер адамның полиция қызметкерінің формасына ұқсас арнайы киім киіп, видеолар жариялағаны белгілі болған.
Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, азамат полиция формасын арнайы белгілерімен заңсыз пайдаланғаны және құқыққа қайшы мазмұндағы материалдарды таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Тексеру барысында 30 жастағы құқық бұзушы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Ол арнайы киім үлгісіндегі форманы айырым белгілерімен заңсыз кигені және заңға қайшы контентті жариялап, таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады ведомство.
Іске қатысты материалдар соттың қарауына жіберілді.
Полиция азаматтарға құқық қорғау органдарының формасын, белгілерін және атрибуттарын заңсыз қолдануға болмайтынын ескертті. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің жұмысына қатысты қоғамды жаңылыстыратын немесе олардың беделіне нұқсан келтіретін материалдар заң аясында бағаланатынын атап өтті.
Материал авторы