Алматыда бір үйдің үш келіні ұрлықпен айналысқан (ВИДЕО)
Үш келіннен құралған топ базарлар мен қоғамдық көлікте ұрлық жасаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қалта ұрлығымен айналысқан деген күдікпен бір отбасы мүшелерінен құралған топтың әрекеті тоқтатылды. Полиция мәліметінше, күдіктілер адам көп жиналатын орындарда ұрлық жасаған.
Қылмыстық полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында аталған топтың соңғы қатысушысы ұсталды. Бұған дейін оның екі сыбайласы қолға түскен болатын. Қазіргі таңда үш күдікті де қамауда отыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер алдын ала өзара міндеттерін бөліп, адамдар көп жиналатын орындарды таңдаған. Олардың негізгі нысаналары базарлар, қоғамдық көліктер және тұрғындар көп шоғырланатын аумақтар болған.
Полиция мәліметінше, әйелдер осы орындарда азаматтардың ұялы телефондары, ақшасы мен бағалы заттарын ұрлаған.
Құқық қорғау органдары жүргізген жұмыстар нәтижесінде күдіктілердің әрекетіне қатысты дәлелдер жиналып, топ мүшелері кезең-кезеңімен анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұсталғандардың Алматы аумағында жасалған бірнеше ондаған мүліктік қылмысқа қатысы болуы мүмкін. Қазір олардың басқа да осыған ұқсас оқиғаларға қатысы тексеріліп жатыр.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда.
Полиция азаматтарды адам көп жиналатын орындарда жеке заттарына мұқият болуға, сөмке мен телефонды қараусыз қалдырмауға шақырды.
Материал авторы